ҚОҒАМ

10 жылдан кейін ішінен қайшы табылған қария әділдікке жете алмай жүр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж Bugin.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында ерлі-зайыпты Тоқмағанбетовтер 20 жылдан бері әділдікке жете алмай жүр, - деп хабарлайды bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. 

Алғаш ота жасағанда тампон қалып қойған

Бектұр ата мен Машау әжей Қарағанды облысы Нұра ауданының тумасы. Отағасының денсаулығы болмағандықтан Шахтинск қаласына біраз жыл бұрын көшіп келген.

"Отағасының өтіне тас жиналып, 2003 жылы соған ота жасалды. Ол кезде ауылда тұрушы едік, отаны Шахтинск қаласындағы ауруханада жасады. 2-3 жұмадан соң үйге қайтарды, бірақ кесілген жері іріңдей берді. Бір аптадан соң қайтадан Шахтинск қаласына ауруханаға алып келдік. Наркозбен ота жасап еді, ішінен тампон шықты. Бір жұма жатқызып, үйге қайтарды, сол күннен бастап күйеуімнің денсаулығы нашарлай бастады. Ауруханаға алып барамын, 10 күндей емдейді, қайтарып жібереді. Осылай 2003 жылдан 2013 жылға дейін көресіні көрдік, апармаған аурухана, қаратпаған дәрігерім қалмады", – дейді Машау апа.

Тіпті онкологиялық ауруханаға да барып, бірнеше рет тексерілген.

10 жылдан соң қайшыны Гиппократ орталығы тапқан

"Содан 2013 жылы шалымның жүрегін әлсіретіп тынды. Қарағандының кардиологиясында кардиостимулятор қойып берді. Жолдасым ауырғаннан кейін ауылдағы үй-жайым, малымды сатып, Шахтинск қаласына көшіп келдім. Бірақ сол күйі ем қонбады. 2014 жылы Қарағандының облыстық энтрогастрология ауруханасына Черкашина деген кісіге жіберді. Ол кісі үш ай қарап, түк таппады. Содан ол бізді МРТ жасатыңыздар деп Гиппократ медициналық орталығына жіберді. Қараша айының ортасында түстік, желтоқсанның бас жағында нәтижесін алдық", - дейді әжей.

Гиппократ орталығынан нәтижені әжей табанынан тозып жүріп, денсаулық сақтау басқармасына шағым айтып, әрең алған.

"Маған ешнәрседен қорықпаңыз, сіздің жолдасыңыздың ішінде "инородное тело – медицинский зажим" қалып қойыпты дейді дәрігерлер", - деп Машау Тоқмағанбетова сол күнгі оқиғаны үреймен еске алды.

Қалалық аурухана директоры қорқытқан

"Шахтинскідегі ауруханаға алып келдік. Дәрігерлер "кесеміз де "зажимді" алып тастаймыз, ешнәрсе етпейді дейді. Содан жан-жақтан журналистер хабарласып, мазалап кетті. Сол кезде Шахтинск қаласы ауруханасының директоры "егер сіз интервью беретін болсаңыз, күйеуіңізді ауруханаға жатқызбаймын" деді", - дейді Машау Тоқмағанбетова.

Жарының амандығын тілеген әжей "ешкімге ауыз ашпаймын" деп ант-су ішеді. Сөйтіп 10 жыл іште жүрген медициналық қайшыны алу үшін ота да жасалады.

Қысқыштың ұзындығы – 20 сантиметр

"4-5 сағат ота жасады. Ана іштегі қысқыш 20 см екен. Ішекке оралып, әбден зақымдап жіберген. Бүкіл ішегінің жартысын кесіп, жартысын жапсырып, әйтеуір шалымды аман алып қалды. Бірақ оның денсаулығы тіпті нашарлап, сол күйі оңалмады. Не заңды білмейміз, қылмыстық іс ашу керек екен, бізге азаматтық іс ашып берді. Сөйтіп 2 млн өндіріп берді. Бірақ біз азап көрген 12 жылдың әр жылына 7 млн теңгеден беру керек екен. Бізге 2 млн теңге ғана берді, оның өзін екі жылға 100 мың теңгеден беретін етіп жасаған", - дейді Машау әжей.

Облыстық әкімдік жылы жауып қоя салған

Бұл әділетсіздікті айтып, әжейдің бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.

"Сол кездегі Нұр Отан, Жоғарғы сот, прокуратура, премьерлердің барлығының есігін қақтық, жазбаған жеріміз жоқ. Депутаттарға да шықтық. Алдында Назарбаевқа да жаздық, ешқайсысынан жақсылық көрмедік. Жазғанымыздың бәрі облыстық әкімдікке келіп түседі екен, олар жылы жауып қоя салады екен. Қалаға көшіп келгелі ақшадан қиналып біттік. Ауырған адамды жалғыз өзім төсектен көтеріп тұрғызып, жатқызып жүрдім, қаншама ауыр күндер өтті. Ойласам қазір жүрегім аузыма тығылады", - дейді қамыққан әжей.

Аурухана директоры сотқа сүйреген

Машау әжейдің айтуынша, осы 20 жыл ішінде бір де бір рет кінәлі маман да, жергілікті билік те амандығын сұрап, жылы сөз айтпапты.

"Бізге ең қиыны ешкім "ата, апа қалдарыңыз қалай болып жатыр" деп алдымызға келмеді-ау. Керісінше Шахтинск қалалық ауруханасының директоры "аурухананың атына кір келтірді" деп мені сотқа берді. Келген тергеушілер шалым екеуміздің күйімізді, тірлігімізді, қағазымызды көріп, "кешіріңіздер, мынау сұмдық екен" деп екі қолын төбесіне қойып қашып кетті", - дейді қарттар.

Сексеннен асқан қарттар енді президенттің алдына барып, өтініш айтпақ.

"Біз үлкен адамбыз, қарт адамбыз, шалымның жасы 82-де, менің жасым 78-де. Бізге керегі жылы сөз ғана. Ендігі мақсатымыз – Тоқаевтың алдына бару. Президент ең болмаса 5 минутын бөліп, өтінішімізді тыңдаса дейміз. Осы 20 жылда сөйлемеген жерім, бармаған ауруханам жоқ. Сөйлеуден шаршадым, қартайдым. Шалым екеуміздің денсаулығымыз әбден бітті. Айтарым сол, 20 жыл бойы азапқа салып қойған адамдар тиісті жазасын алсын", - дейді Машау әжей.