Bugin
Фото: 1bol.kz
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасына Қайрат Сәтжанов бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Бұл туралы Bugin.kz порталы Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа бапкер осыған дейін 2021-2022 жылдары құраманы тізгіндеген. Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт үздігі. Бапкерлік еңбек өтілі – 34 жыл.
2021-2022 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. 2024 жылдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері болды.
Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында (Сербия) командалық есеп бойынша ІІ орын (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) алды.
2022 жылы Азия чемпионатында (Иордания) ІІ командалық орын (3 алтын, 6 күміс, 3 қола) еншілеген.
2024 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командасы I командалық орын (5 алтын, 1 күміс, 3 қола) алды.
Қайрат Сәтжанов жаттықтырушы ретінде 7 әлем чемпионын, 43 Азия чемпионын дайындаған.
Қазіргі уақытта жаңа жаттықтырушылар құрамы құрылуда, оның ішінде: шетелдік жаттықтырушы маман, жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы, сондай-ақ ғылыми топ мамандары шақырылады.
Сонымен қатар бас жаттықтырушының жеке шәкірті болмайды деген талап енгізілді.