Bugin

Олимпиаданың жүлдегерлеріне үй мен автокөлік табыс етілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Алматы әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарынан жүлдемен оралған алматылық спортшыларды марапаттады, - деп хабарлайды bugin.kz порталы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ерболат Досаев Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер – дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және нысана көздеуден сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады.


"Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті ісіңіз бен туып-өскен еліңізге деген сүйіспеншілігіңіздің жарқын үлгісісіздер", - деді Алматы әкімі. 

Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті берілді. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйланды. 

Олимпиадада ел намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.