ДАМУ

5G технологиясы енгенде елімізде не өзгереді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Mining-Cryptocurrency.ru

2025 жылдың соңына қарай елімізге 5G технологиясын енгізу бойынша жұмыстар аяқталуға тиіс. Bugin.kz порталы 5G-ді енгізгенде не өзгеретіні туралы тың деректерді ұсынады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) қазіргі желілердің қалай жұмыс істейтінін және жаңа буын – 5G-ді енгізгенде не өзгеретініне жауап берді.

3G және 4G-ге көңіл тола ма?

Қазіргі уақытта Қазақстанда ұялы байланыстың негізгі желілері – 3G және 4G. Бұл технологиялар миллиондаған пайдаланушыны ғаламторға және мобильді қызметтерге қолжетімділікпен қамтамасыз етеді. Алайда іс жүзінде барлығы айтылғандағыдай нәтижелі емес.

ЦДИАӨМ деректеріне сәйкес, өткен жылы ұялы байланыс сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым тіркелген, оның 60%-дан астамы 3G және 4G операторларының жұмысына қатысты болған.

Негізгі мәселелер – тұрақсыз байланыс, ғаламтордың баяу жылдамдығы және желінің жиі үзіліп кетуі. Байланыс операторлары жағдайды түзетуге тырысқанымен, телекоммуникация комитетінің тексеру нәтижелері желі жұмысына әсер еткен бұзушылықтардың басым бөлігі, әсіресе, жүктеме жоғары болатын Алматы, Астана және Шымкент сияқты еліміздің ірі қалаларында шоғырланғанын көрсетеді.

2023 жылы 780-нен астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды.

5G: жаңа дәуір нышаны ма, әлде келеңсіздіктер қайталана ма?

Қазақстанда 5G-ге көшу көптеген өзекті мәселені шешеді деп күтіліп отыр Бұл технология дерек алмасу жылдамдығының жоғарылауын, кідіріс уақытының азаюын және қосылулар санын артуын қамтамасыз етеді. Бұл байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуы керек. Дегенмен ескі мәселелер әлі шешілмеген кезде байланыстың жаңа буынына ресурс құю қаншалықты дұрыс?

ЦДИАӨМ өкілдерінің айтуынша, 5G енгізу – бұл технологиялық жетістіктерді көрсету ғана емес, сонымен қатар ел болашағы үшін шұғыл қажеттілік. "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы аясында Үкімет 3 мыңнан аса ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді және республикалық маңызы бар барлық автожолдарды мобильді байланыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Бірақ, бұл қадамға байланысты қиындықтар да бар. Ең алдымен, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда 1300-ден астам 5G базалық станциясы орнатылған және 2025 жылға дейін тағы 3500 станция салу жоспарланып отыр. Осы ауқымды жобаны қаржыландыру мәселесі ашық күйінде қалуда. 

Сонымен қатар 5G енгізуде тек ірі қалаларға назар аударылып, ауылдық жерлерді сапалы байланыссыз қалдыру қаупі бар.

Қазақстанда 5G-ге көшу – бұл елдің дамуы үшін жаңа көкжиектер ашуға уәде беретін болашаққа жасалған қадам. Алайда мемлекет тарапынан да, байланыс операторлары тарапынан да елеулі күш-жігер қажет. Алдымен, қолданыстағы 3G және 4G келеңсіздіктерін шешу басымдыққа ие болуы керек, 5G-ге ауысу дәл осындай қиындықтарды жасыратын мәселелерге әкелмеуі қажет.

Қазіргі сапасыз байланыспен не істеу керек?

ЦДИАӨМ eGov.kz порталы арқылы сапасыз интернетке қатысты мәселелерді шешу үшін ұсыныстар берді.

Өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

1. Порталдағы жеке кабинетке кіріңіз;

2. "Сандық қызметтер" бөлімінде "Интернет және телекоммуникация" санатын таңдаңыз;

3. "Сапасыз интернет байланысы туралы өтініш беру" қызметін таңдап, барлық қажетті деректерді, соның ішінде мәселенің сипаттамасы мен орналасқан жерін көрсете отырып, нысанды толтырыңыз.

4. Мәселені растау үшін интернет байланысының сапасыздығын көрсететін скриншотты қосыңыз. Пайдаланатын нөмірдің тіркелуі мен кімге тиесілігі екені туралы деректерді көрсетіңіз.

Өтініш келгеннен кейін ол тиісті органдардың қарауына жіберіледі.

Мамандар талдау жасайды. Қажет болған жағдайда интернет байланысының сапасын анықтау үшін техникалық бригада келеді.

Өтініш берушіге көрсетілген байланыс нөмірі немесе электрондық пошта арқылы бригаданың шығу уақыты мен күні туралы алдын ала хабарланады.

Мәселені анықтау кезінде өтініш берушінің оқиға орнында болуы міндетті емес. Оның өтініші – байланыс операторына қатысты жоспардан тыс тексеруді бастау үшін негіз. Өтініштің қорытындысы көрсетілген байланыс деректеріне жіберіледі.