ҚОҒАМ
Фото ©Адильбека Тауекелова/Kazpravda.kz
Ақмола облысында 19 жастағы жігіт есірткі қылмысы үшін жауаптан қашып, әскерге барған, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға бұдан бірнеше ай бұрын болған. Полиция қызметкерлері Көкшетауда екі жасты ұстап, олардан 20 грамнан астам психотроптық зат тәркіледі. Ұсталғаннан кейін полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Алайда күдіктілер сот-химиялық сараптама қорытындысы шыққанша тұрғылықты жерінде босатылды.
Мәліметтерге сенсек, күдіктілердің бірі – Көкшетау қаласының тұрғыны, екіншісі – көршілес Қостанай облысының азаматы. Сараптама қорытындысы тыйым салынған заттардың барын растаған кезде полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Алайда жедел уәкілдер Қостанай облысына екінші күдіктіні ұстауға барғанда оның әскерге кеткенін білген.
26 тамызда Көкшетау қаласы ІІД есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 5510 әскери бөлімінің әскери полиция бөлімімен бірлесіп, кезекшілікте жүрген жас жігітті ұстады. Енді ол өз әрекеті үшін заң алдында жауап беруі керек және сот аяқталмайынша ол әскерде қызмет ете алмайды. Жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.