Weekend

«Оңтүстік аңыздары» экспедициясы басталды

Бүгін республикалық деңгейдегі «Nomad explorer» экспедициясы Түркістан облысына келді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


«Оңтүстік аңыздары» атты тақырыппен өтіп жатқан туристік экспедицияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы қатысып жатыр. 

Саяхаттың бірінші күнінде, кеше Жамбыл облысының киелі орындарын аралаған саяхатшылар Түркістан облысының да табиғаты мен шежірелі тарихымен танысты.

Бәйдібек ауданында орналасқан Ақмешіт үңгіріне келген қонақтар мұндағы ерекше көрініске сүйсінді.  Ғалымдардың зерттеуінше,  Ақмешіт үңгіріндегі ауа адамның жүйкесін тыныштандырып,  қан қысымын жақсартады.  Бойдағы барлық жағымсыз энергияны тартып алады.


  «Оңтүстік аңыздары» бағытының авторы, өлкетанушы Ерлан Сыздықтың айтуынша,  саяхатшылардың алған әсерлері керемет.  Саяхатшыларды өлкенің табиғаты мен аңыздары қатты қызықтырған.  Егер сұраныс болса,  осы бағыт бойынша туристік бағыт жалғасын табатын болады.  Осы арқылы Түркістан облысының туризмі де дамиды.  4 автобус пен 60-тан астам жеңіл көлікке мінген саяхатшылар табиғат аясында тамақтанып, нағыз көшпенділерге тән өмірді сезініп көрді.


Бұған дейін республика көлемінде 3 экспедиция өтсе, ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені – осы «Оңтүстік аңыздары».  


Ақмешіт үңгіріне аялдаған соң саяхатшылар Домалақ ана кесенесіне де  зиярат жасады.  Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітіне де атбасын бұрып, тарихымен танысты.

Марғұлан Сейсембаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, блогерлер мен журналистер, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар және өзге де сала өкілдері бар.  Саяхатшылар Түркістан облысындағы туризм саласының болашағы зор екенін жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында да осы салаға көп мән берілген. Республика бойынша киелі, қасиетті және туристік орындар саны бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда.

Шежіре мен аңызға толы өңірге қадам басқан экспедиция мүшелері алдағы күндерде де облыстағы өзге де киелі орындарды аралайды.