МӘДЕНИЕТ
Фото: worldnomadgames.kz
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 5 алтын, 7 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды. Бұл туралы Bugin.kz порталы "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының" баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 32 алтын, 24 күміс, 27 қола жүлде бар.
Көкпар
Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал көк бөрүден Қазақстан командасы Қырғызстан құрамасына 4:10 есебімен есе жіберіп, күміс жүлде алды.
Теңге ілу
Этноауылда теңге ілуден өткен жарыста Бекнұр Серіков – бес белес сайысынан, ал Рахат Қамбаров қос құлаш сайысынан алтын жүлде алды.
Құсбегілік
Этноауылда құсбегіліктен іріктеу және жартылай финалдық сын өтті. Ұлттық құрама спортшылары бүркіт, қаршыға және сұңқар салудан финалға шықты.
Дәстүрлі садақ ату
Командалық сайыста Қазақстан құрамасы Аустралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Садақшылар Көшпенділер ойындарын бір алтын, екі күміс, бес қола жүлдемен аяқтады.
Көрәш
Татар халқының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен отандастарымыз ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Біржан Шаймерденов (90 келі) алтын жүлде алса, Әділет Шалғынбекұлы (64 келі) мен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) күміс жүлдеге ие болды. Бекнұр Бектай (75 келі) қола жүлде алды.
Ашыртмалы аба гюреші
Түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарыста қазақстандық үш бірдей спортшы күміс жүлдеге ие болды. Олар Ернұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Айдос Ғалымов (90 келі).
Ордо
Сонымен қатар қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Ақтық бәсеке 13 қыркүйек күні өтеді.
Овари
Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден өткен жарыста Әсел Далиева алтын жүлде алса, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленді.