МӘДЕНИЕТ

Almaty Theatre театрында Мұхтар Әуезов театрының жаңа маусымының ашылу салтанаты өтеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: «Almaty Theatre» театры

2024 жылдың 16 қыркүйек күні «Almaty Theatre» театрында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-маусымының ашылу салтанаты өтеді, маусымашар қойылым ретінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі сахналанады.

1926 жылы 13 қаңтарда өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашқан, осы уақытқа дейін үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 2026 жылы ғасырлық тойын тойламақ.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толығымен қайта өңдеуден өтетіні  туралы  мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады. Дегенмен, шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы көркем өнер туындысын биіктетіп, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, отансүйгіштік пен ізгілікті, адамгершілік пен сұлулықты дәріптеу жолындағы жұмысын тоқтатпайды.

2024 жылдың 16 қыркүйек күні «Almaty Theatre» театрында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-маусымының ашылу салтанаты өтеді. Аталған шара аясында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, театр өнерінің классикалық туындысына айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі көрермен назарына ұсынылады.

Ресми ашылу салтанаты 18:00-де баспасөз конференциясымен басталады.

Баспасөз мәжілісіне қатысушы спикерлер:

Асанәлі Әшімов – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,  КСРО және Қазақстанның халық артисі

Еркін Жуасбек – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әубәкір Рахимов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-режиссер

Әлімбек Оразбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-режиссер

Баспасөз конференциясынан кейін  театрымыздың қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтің «Режиссер Әлімбек Оразбеков» атты кітабының тұсаукесері өтетінін де хабарлаймыз! Қойылымға дейін сағат 18:00-ге жоспарланған баспасөз мәслихаты кезінде режиссерге, актерлер мен театр басшылығына алдағы жоспарлар мен шығармашылық жұмыстарына қатысты сұрақтар қоюға рұқсат етіледі. Бұл БАҚ өкілдеріне жаңа маусымның эксклюзивті жаңалықтарын ең бірінші болып хабарлауға, сондай-ақ, қойылым режиссері мен басты кейіпкерлерімен тілдесуге, сұхбаттасуға берілген бірегей мүмкіндік болары сөзсіз.

18:30-да классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымына орай әзірленген театр музейінің кешенді көрмесімен қатар, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры артистерінің қызыл кілем үстіндегі шеруі өтеді.

Театр маусымының салтанатты түрде ашылуы, қазақ әдебиетінің  жауһар туындысы, махаббат пен адалдықтың символы  болып есептелетін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі. Бұл қойылым – біздің тарихымыз бен мәдениетімізді ұштастыратыратын, өткеніміз бен бүгінімізді бағамдауға мүмкіндік беретін бірегей туынды.  Сондықтан театрдың 99-маусымының «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклімен ашылуы қаланың  мәдени жаңалықтар кеңістігінде жарқын оқиғаға айналады деген сенімдеміз.

Өтетін орны: «Almaty Theatre» театры, Әл-Фараби даңғылы, 30