САЯСАТ
Фото: amanatpartiasy.kz
Бүгін Мәжілісте Салық кодексінің жобасын және салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулері таныстырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов құжатты орыс тілінде түсіндіріп айтты.
Мәжіліс депутаты Ринат Заитов сұрағынан бұрын шенеуніктерді бұлай істемеуге, мемлекеттік тілді қорламауға шақырды.
"Президет Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында "Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді" деген. Бәлкім, Евгений Кочетовқа не болмаса Роман Васильевич Склярға, тіпті Ринат Рифхатұлы Заитовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, атасының аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Сосын басында екі сөйлем қазақша айтып, соңында екі сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауларыңызды сұраймын", - деді мәжіліс депутаты.
Вице-министр Ержан Біржанов аталған заң жобасын талай рет қазақша түсіндіргенін айтты.
"Еркетуіңізді түсіндік. Мен екі тілде бірдей еркін айта аламын. Бүгін салық кодексі болғандықтан кейбір спецификикалық терминдер болған соң орысша айтқанмын. Бірақ мен осы кодексті талай рет алдарыңызда (мемлекеттік тілде) айттым", - деді ол.
Азамат Әмрин депутаттың сұрағына жауап бермеді.