Bugin

"Қайырымды қала тұрғындары": Түркістан тұрғындарына жайлы үй салынады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото:  Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандары мен ғимараттардың сәулеттік жобасы арнайы кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Бүгін өткен кезекті мәжілісте 14 жоба талқыға түсіп, сәулетшілер мен жауапты басшылардың, мамандардың сараптауынан өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының Бас жоспарын жүйелей түсу, әлеуметтік және туристік нысандар салу, реттеу, тұрғын үйлер салу мәселелері бойынша ұсыныстарды тыңдап, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.

Жобалардың жүзеге асырылу барысын тұрақты қадағалаңыздар. Түркістан қаласын, өңірін дамыту жұмыстары жалғасады. Қалаларымыз бен елді мекендеріміз сәнді әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс. Міндеттеме алып, арнайы жер берілген инвесторлар жұмыстарын жедел атқарулары керек. Егер құрылысты бастамай, созбалаңға салатын болса, жер қайтарылады, – деді Дархан Сатыбалды.

Сәулеттік жобалар талқыланған жиында инвесторлардың бірі тұрғын үй кешенін салу туралы ұсынысын білдірді. Арнайы жоспарын баяндады. «Мақсатымыз – Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» трактатына сай үйлесім тапқан, тұрғындарға жайлы үй салу», дейді инвестор.

Мәжілісте Домалақ ана және Гауһар ана, Арыстан баб кесенелерінің маңын реттеу, Түркістандағы ескек есу каналының маңындағы нысандарды жүйелеу, Төлеби ауданында этнотуристік орын ашу және өзге де жобалар талқыланды. Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.