Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан өңірінде облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі толайым табыстарға қол жеткізуде. Бүгін аталған мекеме ұжымының атқарған жұмыстары мен жетістіктері және алдағы жоспарлары талқыланған жиын өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу, реттеу жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы су нысандарын реттеу, су шаруашылығын тиімді жүргізу, каналдарды жөндеу жөнінде нақты тапсырма берді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Су қоймаларды жөндеу, салу, каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Ағын су мәселесін шешіп, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында «Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2024 жылға егістікке 817,4 млн. текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 млн. текше метрді құрады. Экологиялық қажеттілікке 272,8 млн. текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Төлеби ауданындағы «Ащы» су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына, атап айтқанда, «Рабат» су қоймасына «Сифон» қондырғысы және 10 дана жарықшам орнатылды. «Көкібел» су қоймасының төменгі жағына су фильтрациясын жою жұмыстары жүргізіліп, 8 жарықшам орнатылды. «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылады.
Бүгінде мекеменің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Жалпы арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және өзге де техникалар бар.
Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, табиғи арналар, каналдар мен қашыртқыларға 1100 шақырымына тазалау жоспарланып, қазіргі таңда 500 ге шуық шақырымы тазаланды.
2024 жылы Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілу барысы жақсаруда.
Шардара ауданының 6 ауыл округінде ұзындығы 958 шақырымды құрайтын қашыртқылардың 1025 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары атқарылған. Мекеменің техникалары мен мамандары еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жою жұмыстарына да атсалысты.