Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан облысының орталығында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің бірлескен бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға ҚР ІІМ-нің орынбасары Айдар Сайтбеков арнайы келді. Сондай-ақ шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Есірткісіз қоғам құру – әрбір азаматтың алдында тұрған басты міндет деп есептеймін. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Облыс аумағындағы барлық білім беру ұйымдарында «Біз нашақорлыққа қарсымыз!», «Жастар спортпен бірге», «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз!», «Есірткіге жол жоқ!» атты ұрандармен арнайы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Елімізде есірткі, психотроптық заттар мен оның аналогтары – «Трамадол» секілді дәрілік-препараттар психотроптық заттардың қатарына енгізілген. Бұл қылмысқа барғандардың жазаға қатаңдатылды. «Трамадолға» құмар жастардың қатары көбейгені облыс тұрғындарымен кездесу кезінде жиі көтерілген болатын. Оның жолын кесу үшін облысымызда ауқымды жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде өткен жылы «Трамадол» психотроптық затымен байланысты 30-дан астам қылмыс тіркелді. Қазіргі таңда, психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғаса береді. Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы облыстық бюджеттен 19,3 млрд.теңге бөлінді. Оның ішінде 243 млн теңгеге 30 қызметтік автокөлік сатып алынды. Ал 2024 жылға 20,5 млрд.теңге қарастырылды. Оның ішінде 295 млн. теңгеге 52 қызметтік автокөлік лизинг арқылы сатып алынды. Бұл бөлінген қаржылар ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жарақталуына бағытталған. Түркістан – қасиетті өңір. Қасиетті өңірде есірткінің, жаман әдетердің таралуына жол берілмеуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында спикер ретінде келген елге белгілі азаматтар өте қажетті мағлұматтарды баяндап, профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз ойларын білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты. Олардың қатарында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Амирханов, ҚР Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, ҚР психиатр-наркологы Нәби Есімов пен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы болды. Форумды актер Әділ Ахметов жүргізсе, әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.
Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және тағы басқа түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын «ғасыр дерті», яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.