Bugin

Түркістан облысында бюджет есебінен 20 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Биыл өңірде 20 мектептің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 14,7 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, 15 мектептің құрылысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болса, қалған 5 мектептің құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін 13 білім ұясының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл жаңа оқу жылында 700 орындық 4 білім ұясының ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауыл округі, Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебі мен С.Рахымов ауыл округі, Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық білім ұясы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округі, Ақкөл елді мекенінде 100 орындық оқу ордасы, Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға тапсырылды.

Бұдан бөлек, қараша-желтоқсан айларында тағы 3100 орындық 9 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделуде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарлануда. Нәтижесінде, 60 мыңдай оқушы заманауи білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алады.