САЯСАТ

Қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? – Ринат Заитов

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов халықтың Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа кіре алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. 

Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.

«Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі – белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі, өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады.

Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма?, - деді Ринат Заитов.

Оның айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауға міндетті.

Сондай-ақ «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда Жоғарғы соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді.

Өкініштісі сол, бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр. Сонда жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер және мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар!, - деді депутат.

Ринат Заитов Бас прокурор аталған мәселеге назар аударуы керек деген ұстанымда.

«Жоғарыда айтылғанды ескеріп, сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап (отписка) деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Парламент Мәжілісі регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін!

Еліміздегі азаматтардың заңды талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін орган ретінде Бас прокуротура тарапынан аталған мәселелерде табандылық танытуларыңызды сұраймыз, - деді ол.