Саясат
Министр жауап берді
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қоғамда біршама шу туғызған ВЛКСМ-нің 100 жылдығын атап өту шарасына қатысты өзінің пікірін білдірді.
«Сіз айтып отырған шараны (жүрізушіге қарата – авт.) мүшелік жарнаның жиынымен және (бәлкім – Абаев) демеушілік ақшамен Қазақстанның коммунистік партиясы ұйымдастырған. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын да шыққан жоқ», – деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында. Министр өз сөзінде сонымен бірге, комсомол күнін атап өту Алаш автономиясының 100 жылдығын көлеңкесінде қалдырды деген пікірге қатысты ойын айтты.
«Бұл – толығымен шындыққа сәйкес келмейді. Бір жағынан бірнеше жүз адам театрлардың бірінде шара өткізеді де, екінші жағынан жыл бойы еліміздің барлық аймақтарында Алаштың 100 жылдығына арналған шаралардың толыққанды кешені ұйымдастырылады», – деді министр.
Дәурен Абаев өз сөзі дәлелді бола түсу үшін бірнеше мысал келтірді.
«Біріншіден, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай 12 сериялық «Тар заман» сериалы түсірілді. Ол «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетілді. Сонымен бірге, кинотеатрларда оның толықметражды нұсқасы берілді. Дәл сол секілді бірнеше фильмнің түсірілгенін атап өту керек. Оның ішінде «Алаш туы астында» атты деректі фильмді де айта кетуге болады. Мемлекет қаржысының есебінен Семей қаласында Әлихан Бөкейханның ескерткіші орнатылды. «Алаш арыстары» музейінің экспозициялары жаңартылды. Тіпті Алаш қозғалысы туралы бірқатар кітап шықты. БАҚ-та біршама материал жарияланды», – деді министр.
Дәурен Абаев сонымен бірге, өткен жылдың қыркүйек айында Алашорданың 100 жылдығына арналған ірі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткенін еске салды.
«Естеріңізде болса, ол шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берген болатын», – деді Дәурен Абаев.
Министр сонымен бірге, комсомол күнін атап өту шарасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логотипі ілініп тұрғанына қатысты пікірін айтты.
«Мен бұл ретте Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың пікірімен толық келісемін. Бізде түймедей нәрсені түйедей ететін дағдымыз байқалып қалып жатыр. Бұнымен күресу керек. Мұндай асыра сілтеуден мемлекет те, қоғам да ұтпайтынын түсіну керек. Мен тағы да қайталаймын: ВЛКСМ-нің 100 жылдығын атап өту – мемлекеттің идеологиялық саясатымен ортақ түгі жоқ. Бұл бұрынғы комсомолдардың қатысуымен өткен жеке шара болатын. Оны ескі достардың немесе түлектердің кездесуімен ғана салыстыруға болады. Одан артық емес», – дейді ол.
Дәурен Абаев өз сөзінде ашығын айтқанда комсомол Қазақстан үшін өткен күнде қалғанын атап өтті.
«Бірақ, ол өткен заманда қазақстандықтардың толығымен буыны өмір сүрген. Біз бұны жоққа шығара алмаймыз. Комсомол арқылы өткен адамдардың біздің елге сіңірген еңбегін де жасыра алмаймыз. Қазір бұл шараны сынап жатқандардың көбінің өзі де комсомол болған. Ал бұл шара – саяси жиын немесе коммунизмге деген ностальгия емес, бұл – жастық шақтарын еске алған адамдардың кездесуі», – деді Дәурен Абаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат