БІЛІМ

Ұстаздар күні құтты болсын!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Фотосурет нейрожелі арқылы жасалған

Ұстаз – шәкіртті білімге баулитын, өнерге шыңдайтын ұлы тұлға. Атағы шығып, ел алдында жүрген таланттылардың бәрі де ұстаз тәлімінен өтеді. Bugin.kz тілшісі 5 қазан – Ұстаздар күніне орай бала күнінен өнер мектептерінің табалдырығын тоздырып,  бүгінде елдің сүйіктісі айналған өнерпаздардың мұғалімдері және өздері де ұстаздық жолда жүрген тұлғалар туралы қызық мәліметтер ұсынады.

“Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан” деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы болары сөзсіз. Әлемді мойындатқан Димаш Құдайберген өзінің музыкаға баулыған ұстазы туралы:

“Ол – менің әнші болуыма, осындай жетістікке жетуіме себепші болған жан. Әлі күнге дейін ақыл айтып, мені тәрбиелеуден шаршамайтын осындай ұстаздар барлық кәсіби әнші атанғысы келетіндерге жұғысты болсын”,- деп пікір білдірген.

Бибігүл Төлегенованың әншілік талантын байқап, өнер жолына түсуіне бағыт берген сол кездері Семейге жер аударылған орыс жазушысы Галина Серебрякова мен Халық әртісі Надежда Самышина еді.  Г. И. Серебрякова Бибігүл Төлегенованы көркемөнерпаздар көрсетілімдерінің бірінен байқап қалған. Кеңес жазушысы оған алғашқы музыка сабақтарын берген екен.

Ал опера әншісі Жұлдыз Уәлихан Бибігүл Ахметқызынан тәлім алғанын айтады. Оның айтуынша, Бибігүл Төлегенова сабаққа бәрінен ерте келіп алады екен. Ол шәкірттердің дауысынан түнде нешеде ұйқыға жатқанын біліп алатын болған. Тіпті суық ішіп-ішпегенді, балмұздақ жеген-жемегенін біледі екен. 

Қазіргі таңда жас шәкірттерді өнерге баулитын танымал тұлғалардың өнер мектептері бар. Олар – Майра Ілиясованың домбыра мектебі, Бағлан Әбдірайымов, Сәкен Майғазиев, Қарақат Әбілдинаның өнер мектептері, т.б.

Ал осы жылы киногер Қуаныш Бейсек өзінің мектебін ашты. Режиссер Sham атты оқу ордасының негізін қалады. Куаныш Бейсек ашқан білім мекені тек креативті жастарға арналған екен. Режиссердің мектебіне басы-қасы 160 оқушы іріктеліп алынады, оның 80-і грантта, қалған 80 талант ақылы түрде оқымақ. Ал кастинг 7-10-сынып оқушылар арасында ғана жүреді.

Қай салада болмасын, ұстаз – қоғамның айнасы. Ол – жас жеткіншектің болашағын көретін, жетістікке жетуіне септігін тигізетін тұлға. Ұстаздар мерекесі құтты болсын!