Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Сарыағаш ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жобалар көбейіп, өңірдің әлеуеті арта түсті. Осы бағытта аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан ұсақ малды бордақылауға арналған алаңша мен мал сою және экспортқа ет дайындау цехының құрылысы жұмыстарын бақылады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Құрылыс алаңында аудан басшысы кәсіп жетекшілерімен кездесіп, жоба барысын талқылады. Аудан басшысы нысан ауқымдылығын жоғары бағалап, оның ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер оң ықпалына сенім білдірді.
Сонымен қатар аталған нысан аумағындағы 5 га жүк көліктеріне қызмет көрсету және кедендік тексеруге арналған кешеннің құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды, сонымен қатар 15 000 бас ұсақ малды бордақылауға арналған. Жаңа мал сою бекеті тәулігіне 200 бас ірі қара малын сойып, өңдеуге мүмкіндік береді. Цех толықтай іске қосылғанда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Айта кетсек, аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.