Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Тексеріс барысында азық-түлік және азық-түлік емес өнімдерінің 29 үлгісі сатып алынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның ішінде сүт өнімінен ішек таяқшалары тобының бактериялары, торт өнімінен стафилококк табылып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 3 өнім сатылған. Бұл туралы өткен брифингте «Манғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятан мәлімдеді.
«Кәсіпкерлер тауарды сату кезінде көп жағдайда температуралық режімді сақтамайды. Базарлардың жанындағы көше дүңгіршектерінде аптап ыстықтарда тәтті тоқаштар мен торттардың сатылып жатқанының куәсі болдық. Өнімді сатып алу кезінде көптеген сатушылар фискалды және сату түбіртектерін бермеген, Бұл әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабын бұзу болып табылады. Ал дүкендердегі сапасыз өнімді кері қайтару үшін фотосы мен банк аударымдары жеткілікті дәлел бола алмайды», - деді спикер.
Сонымен қатар баспасөз мәслихаты аясында Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Асқар Әшімханов сала бойынша өңірдегі 9 айда атқарылған істер бойынша баяндама жасады.
«Қазіргі таңда департамент және «Адал» қоғамдық бірлестіктері тарапынан 2024 жылдың 9 айында жалпы саны 44 тауар сатып алынып, зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Нәтижесінде 44 тауардың 26-сы (ет,сүт, тауық еті және т.б) арнайы зертханаға тексеру үшін жолданып, кемшіліктер анықталған 9 тауар дүкендердегі сатылымнан алынды», - деді сала маманы.