Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан облысында күзгі және көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар атқарылып жатыр, деп хабарлады Bugin.kz порталы.
Биылғы 13 мамырда бекітілген «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарына 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 12 іс-шара толығымен аяқталып, 11-інде жұмыс жалғасуда. Аталған мәселелер облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Облыстағы елді мекендердегі су арналары, каналдар, өзендер тұрақты бақылауға алынуы қажет. Немқұрайлы қарамаңыздар. Департамент, басқарма, аудан, қала әкімдіктері бір-біріне сілтеп, мәселені айтып қана отырса, іс өнбейді. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар. «Тұран су» мекемесінің, жергілікті азаматтардың, кәсіпкерлердің, мекемелердің техникаларын қолданыңыздар. Су тасқынына қарсы жоспар сапалы орындалуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
ТО ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешевтің айтуынша, аяқталған 12 іс-шараның нәтижесімен 57,5 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткен. Келес ауданында арық-атыздың 14 шақырымы күл-қоқыстан тазартылған. Сарыағаш қаласында каналдардың 350 метрі бетондалған. Сайрам ауданындағы Арыс өзенінде 200 метр арнада түзету жұмыстары жүргізілді. Сауран ауданы, Қарашық өзеніне 2 дана тоспа орнатылған.