Bugin
Фото: ашық дереккөзден
Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза болды. Қанды оқиғаның мән-жайын Bugin.kz тілшісі ұсынады.
16 жастағы Шерзат сыра үшін өлім құшты. Ата-анасының айтуынша, Шерзат бес баланың үлкені болған, ата-анасына дүкенде үнемі көмектеседі екен, әскери адам болуды армандапты.
Не жағдай болды?
Талғарда дүкенге келген адам бір сыра алып, оның ақшасын төлеуден бас тартқан. Дүкенді жалға алып істетіп отырған дүкен иесі мен ер адам арасында кикілжің туған. Сыра ала алмағанына ашуланған ер адам оқиға орнына достарын шақырған.
Олар 16 жастағы жігітті және оның 30 жастағы ағасын пышақтаған.
Шерзат пен Нұрқанатты ауруханаға марқұмның әкесі алып барған. Дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қала алмады.
Дәрігерлер не дейді?
Талғар аудандық ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімді және оның ағасын емдеу мекемесіне Шерзаттың әкесі алып барған. Олар 4 қазанға қараған түні сағат 00:58-де жеткізілген.
"2008 жылы туған пациентті туыстары өте ауыр жағдайда жеткізді. Оның сол жақ кеуде тұсында, 4-5 қабырға аралықта пышақ жарақаттары болды. Оған дереу медициналық көмек, жүрек-өкпе реанимациясы көрсетілді, бірақ нәтиже болмады. Биологиялық өлім тіркелді", - делінген хабарламада.
Күдіктілер кім? Олар құрықталды ма?
Прокуратура органдары кісі өлтіру туралы бұл істі ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлады. Бұл қылмысты жасады деген күдік бойынша 7 адам ұсталды. Сот 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция жариялады.
Күдіктілердің бұрын сотталғаны рас па?
2 күдікті бұған дейін де бұзақылық бабы бойынша сотталған болып шықты. Олар – 26 жастағы Нұрқияс Ілиясов пен 24 жастағы Шынасыл Абзал.
Ілиясов 2023 жылғы 28 шілдеде мас күйде бармен Р.Труспеков деген азаматты ұрған. 1 қыркүйекте тағы да мас күйде М.Сүлейменов деген ер адамды соққыға жыққан. Араға он күн салып, 10 қыркүйекте жанар-жағармай бекетінде А.Манап деген азаматпен жанжалдасып, оны да соққы астына алған.
Ал Шынасыл Абзал тараптардың татуласуынан кейін ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.
Марқұмның туыстары күдіктілердің бәрі ұсталмағанын мәлімдеді. Полиция жауап берді.
"Қазір олардың әрқайсысына құқықтық баға беріледі. Оның ішінде бейнебақылау камераларының жазбалары да зерттеліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің арнайы бақылауында. Олардың бұл іске қатысы бар-жоғы анықталып жатыр" - дейді Алматы облысы ПД басқармасы.
Шерзат Болаттың отбасы марқұм Салтанат Нүкенованың ағасынан көмек сұрағаны рас па?
Отбасы қоғам белсендісі Айтбек Амангелдіге көмек сұрап жүгінгені белгілі болды. Айтбек Амангелді қазір үш адвокаттың отбасыға тегін көмек беріп жатқанын айтты.
"Отбасына тегін жұмыс істеуге келіскен үш адвокат бердік. Қақтығыс кезінде баланың әкесі мен ағасы да жараланған. Адам өмірі бір бөтелке сыраның құнына тең емес екенін дәлелдеу үшін іс бойынша ақпараттардың барлығы жарияланып отыруы керек. Шерзатты үлкен кісілердің, бүкіл отбасының көзінше ұрып өлтіргені қорқынышты", – дейді Айтбек Амангелді.