Саясат
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен кездесті
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресми қарсы алу рәсімінен кейін ел басшылары екіжақты ынтымақтастық, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің өзара сенімге негізделгенін атап өтіп, Мажарстанның Премьер-министрі өзінің Қазақстан Президенті ретінде қабылдап отырған алғашқы еуропалық басшы екенін айтты.
Қазақстан мен Мажарстанды ортақ құндылықтар мен тарихи тамыр біріктіретінін білесіз. Мен Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған кезден бастап екіжақты қатынастарымыздың қалыптасуына куә болдым. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның елшілігі ашылған тұңғыш ел болғаны үшін Мажарстанға ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыра беретінін, еліміздің Мажарстанмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Мажарстанның Еуропа одағына мүшелігіне 15 жыл және Солтүстік Атлант Шарты ұйымына кіргеніне 20 жыл толуымен құттықтады. Қазақстан Президенті Будапешттің халықаралық аренадағы беделінің артуы мен мажар экономикасының тұрақты өсуі елдің қазіргі Үкіметі саясатының тиімділігін көрсететінін айтты.