Bugin

Маңғыстау облысының әкімі Бозжыраға қарсы болғандарға шүйлікті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: "Уәде" бағдарламасы

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай "Уәде" бағдарламасына берген сұхбатында Бозжыра шатқалында жоспарланған құрылыс жұмыстары туралы пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, бұл жобаны қолдамаған азаматтардың көпшілігі Маңғыстау аймағында ешқашан болмаған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Нұрдаулет Қилыбай өткен жылдары аймақтағы жаңа жобаларға қарсы пікірлердің жиі туындағанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Бекет Ата кесенесіне жол салу кезінде де осындай қарсылықтар байқалған. Әкім Бозжыра шатқалына қатысты мәселені көтерген топтардың бұл аймақта болмағанына назар аударды.

"Бозжыраға қарсы шыққандардың көбі шатқалдың орналасқан жерін де білмейтін. Бұл мәселе қоғамдық талқыға шыққанға дейін көп адам ол жерде болмаған. Қазір біз сол құрылыс салынбағанына өкінеміз. Бұл аймақты дамытып, жергілікті тұрғындарға экономикалық пайда әкелер еді. Туризмді дамыту арқылы жергілікті халыққа қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін сатуына мүмкіндік туар еді," - деді Қилыбай.

Сонымен қатар әкім Бозжырада қоқыс шығару және санитарлық орындар мәселесінің шешілмегеніне де тоқталды.

Нұрдаулет Қилыбай алдағы уақытта Бозжыра шатқалында құрылыс жұмыстары басталатынын хабарлады. Жобаның қазіргі уақытта жергілікті компанияның қатысуымен Алматыда дайындалып жатқанын атап өтті.