Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан облысындағы елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда. Жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мердігерлермен, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелердің басшыларымен жиын өткізді. Күн тәртібінде ауыз су, табиғи газ және электр қуаты саласындағы проблемалық нысандардың барысы қаралып, қазіргі жай-күйі талқыланды.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков проблемалық нысандар бойынша баяндама жасады. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары олқылықтарды қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тоқталды.
Зұлпыхар Жолдасов нысан құрылысында немқұрайлы қараған мердігерлердің жұмысын сынға алып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына құрылыс басында болып, жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Жұмысын тиісті деңгейде орындамаған мердігерлерге қатаң шара қарастырылатынын, лицензиясынан айыру және «жозықсыз» деп тану жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Құзырлы органдармен бірге заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.