Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумында көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстарды одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық ынтымақтастық форумы, іскерлік форум шеңберінде құны $352 млн-нан асатын 76 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырылуын жеделдету жөніндегі Тәжірибелік іс-шаралар жоспары бар. Құжат энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан аймақтары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Айта кету керек, форум қазіргі сын-қатерлер мен ынтымақтастық келешегін белсенді талқылауға арналған алаңға айналды. Оның аясында министрліктердің, шекара маңындағы өңірлер әкімдіктерінің басшылары және екі елдің бизнес-топтарының 200-ге жуық өкілі өңіраралық ынтымақтастық, өзара сауда-саттықты дамыту және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады. «B2B» форматында металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, IT және туризм сияқты экономиканың келешегі бар бағыттарындағы өзара іс-қимылды тереңдету тетіктері қаралды.