Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік сыйлық:
1. ақын Нұржан Светқалиға – «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы үшін;
2. жазушы Ергөбек Құлбек Сәрсенұлына – «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы үшін;
3. авторлық ұжым Бапанов Әлібай Қалтайұлы мен Бапанова Сәуле Сыздыққызына – «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары топтамасы мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін;
4. суретші Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлына – «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы үшін берілді.
Құлбек Ергөбек – 1952 жылы, 26 желтоқсанда Түркістан облысы, Отырар ауданында туған. ҚазМУ-ды 1975 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Ұлттық Ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында және Республикалық халық шығармашылығы үйінде зертханашы, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, «С.Мұқанов мемориальдық музей-үйінде» әдіскер, ғылым бөлімінің басшысы, республикалық газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактор, бас редактор болған. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде доцент, профессор ретінде еңбек сіңіріп, «Қазақ әдебиеті», «Түрік халықтары әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, декан, вице-президент, 1-вице-президент болып білім саласына да үлес қосып, шәкіртер тәрбиелеген. Филология ғылымдарының докторы, түрколог-ғалым, Халықаралық академиялардың мүшесі. Ұзақ жылдан бері ел руханиятының дамуына үлес қосып келеді.