Bugin
Фото: freepik.com
Батыс Қазақстан облысы полициясы бастығы орынбасарының ұлы есірткі сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұған дейін жігітті алқабилер ақтап шыққан еді. Іс 2024 жылғы 21 қазанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қайтадан қаралды. Қылмыстық құқық бұзушылық “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша сараланды. Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы және қорғаушылары қайтадан ақтауды сұрады.
“Айыпталушының қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар болған жоқ, алқабилер сотының үкімімен сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген сот хабарламасында.
Прокуратура сотталушының кінәсін растайтын толық дәлелдеме базасы, екі куәгердің айғақтары және басқа да тергеу хаттамалары жиналғанын хабарлады.