Bugin
Фото: freepik.com
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ошақты округі, Жиделі ауылында 11 баланы дүниеге әкелген 35 жастағы ана тұрады. Келіншек Stan.kz тілшісіне көпбалалы отбасы болудың ерекшеліктерін айтқан, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Айткүл Исраелова бүгінде жеті ұл, төрт қызды тәрбиелеп отыр.Ақниет Исмаилов пен Айткүл Исраелова 1988 жылы отбасын құрған. Айткүл 18 жасында ана атанған екен. Ол кезде ана 11 бүлдіршінді дүниеге әкелем деп ойламапты. Алайда 35 жасында осы бақытқа кенеліп отыр. Ана 25 жасында егіз ұлды да өмірге әкелсе керек.
Ол 35 жасында көпбалалы ана боламын деп ойламаған. Келіншек ол өз қолындағы нәрсе емес, Алланың сыйы деп санайтынын айтты.
Үлкен отбасының отағасы жеке шаруашылықта қызметкер болып жұмыс істейді екен. Ал отанасы үйде балалардың тәрбиесіне жауапты.
11 баланың үлкені Жұмабек биыл кәмелет жасқа толып, колледж студенті атанды. Ол бір жылдық оқу оқып жатыр. 18 жасар ұл оқуын аяқтаған соң, Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметкер болуға ниетті. Одан кейін артынан ерген бауырлары – 16 жастағы Асылжан, 14 жасар Дархан, 13 жасар Бибіхал, 11 жасар Ерхан, 10 жасқа толған егіз Айдос пен Жандос, 7 жасар Нұрай, 5 жастағы Еркеназ, 3 жасар Аяулым және 5 айлық Ерасыл бар. Бүгінде жеті бала мектепке барады.
Түркістандық келіншек тағы да бөпелі болуға қарсы емес, әр баланың өз несібесі бар деп ойлайды. Сол үшін жас аналарға көп бала босанудан қорықпауға үгіттеді. Оларды тек босанып қоймай, жақсы азамат етіп шығару керегін де ескертті. Сол үшін өзі де бүлдіршіндерінің әрқайсысына жақсы тәрбие беруге ұмтылатынын айтады.
“Күйеуімізбен балаларымызға жақсы тәрбие беруге тырысамыз. Көп уақыт менімен болса да, әкесі де жұмыстан кейін оларға назар аударады. Көпбалалы отбасыларда тек кенжеге мән беріліп, басқа жеткіншектерге көңіл бөлінбей қалады деген түсінік бар. Бірақ мен оған келіспеймін. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек, бірінен бөліп жармай, теңдей жақсы көремін. Сол үшін олармен жеке сөйлесіп, мәселелерін, алаңдап жүрген нәрсесін бірге шешуге тырысамын. Бала болғаннан кейін араларында кішігірім кикілжің, реніш болып қалады.”, – деді алтын алқа иесі.
Сонымен қатар бұл отбасыда құндылықтар туралы көп әңгіме болатыны айтылды.