Bugin
Фото: Evanto
Түркістан облысындағы білім беру және мәдениет мекемелері жылу маусымына толық дайын. Бұл туралы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Жиында облыс әкімі жауапты тұлғаларға жылыту қазандықтарының жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, кемшіліктерге жол бермеуді тапсырды. Әлеуметтік нысандарды жылыту жұмыстарына немқұрайлы қарағандарға шара көрілетінін ескертті.
Облыстағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, ал 1216 білім ұясы дербес жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Барлық білім нысанындағы жылу жүйелеріне 100% сығымдау жұмыстары жүргізіліп, жылу маусымына дайын. Осы орайда, 450 білім мекемесі қажетті 82 544,5 тонна қатты отынмен қамтылған. Сонымен қатар 42 білім мекемесіне қажетті сұйық отын жеткізуші мердігер анықталып, отын көлемі қойма сыйымдылығана қарай толығымен тасымалданған. Өңірдегі 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясы арқылы жылытылады.
Облыста жеке жылумен қамтамасыз етілген 212 мәдениет нысаны бар. Барлық нысан жылу маусымына толық дайын. Мәдениет нысандарын жылыту үшін қажетті қатты отынның көлемі – 3179 тонна. Бүгінгі таңда барлық аудан, қала бойынша мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықталған мердігер мекемелер қатты отынды тасымалдау жұмыстарын толықтай орындаған. Ал, қажетті сұйық отынның көлемі 377 066 литрге жоспарланған. Осы жылдың басында 51 616 литр тасымалданған. Қалған мөлшердегі сұйық отын қоймалардың сыйымдылығына байланысты және қажеттілігіне қарай тасымалданып тұрмақ. Айта кетейік, өңірдегі 12 аудан, қалада жылу беру маусымы 15-21 қазан аралығында басталды. Ал, қалған 5 аудан, қалада жылу қазандықтары 1 қарашада қосылады.