Экономика

XXI ғасыр кәсібі: Ұлттық құндылықты дәріптейтін отандық киімдер пайда болды

Universtorе.kz орталығының негізін қалаушы Исмаил Құланмен сұқбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның  қолға алып, ерекше назар аударып отырған әлеуметтік-экономикалық саясатының бірі – шағын бизнесті дамыту. Бұл кәсіптердің дамуы еліміздің экономикалық дамуына септігін тигізіп, жұмыссыздық проблемасының шешілуіне айтарлықтай үлесін тигізіп жатыр. Шағын және орта кәсіпті дамыту мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар жалғасын тауып келеді. Атап айтатын болсақ, ҚР Тұңғыш Президетінің 1998 жылдың 31 желтоқсанындағы арнаулы Жарлығымен “Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың 1999 — 2000 жылдарға арналған бағдарламасы” бекітілді. Содан соң ҚР Тұңғыш Призидентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Жолдауында: «Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау» деген мәлімдеемсі. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20%  орнына кемінде 50%  өндіретін болады. Бұл бағдарламалардың мақсаты — шағын кәсіпкерлікті тұрақты түрде дамыту және бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастырып, жұмыссыздық мәселесін шешу болды. Соңғы 9 жылда республикада шағын бизнес кәсіпорындарының саны 2 есеге көбейді.

Қазақстанның шағын және орта бизнесін қалыптастыруда үлкен үлесін қосып жүрген азаматтарымыз баршылық. Олар барлығын нөлден бастаса да, өздеріне сенді. Кәсіптің нәтижелі болатынына күмән келтірмеді. Солардың бірі киімге  сурет басу кәсібін дөңгелетіп отырған - Исмаил Құлан. Ол бастапқыда бірнеше кәсіптің басын шалған. Дегенмен, жауапкершілігі мол, үлкен жолда кездесетін қиындықтарға сағы сынбады. Керісінше кәсіпке түгелдей бет бұрып, осы сала бойынша дамуды мақсат етті. Ал, дәл қазіргі уақытта өзін ғана емес өзгені де жұмыспен қамтып отыр. Исмаил Құлан XXI ғасырдың стиль саласына бағытталған киімге жазу басу кәсібін қолға алған. Сұқбатта ол кәсіптің қызығы мен шыжығын айтып, ой бөлісті.

Исмаил Құлан досы әрі әріптесі Дастанмен бірге дөңгелетіп отырған кәсібі бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Қазіргі кезде оның негізгі тұтынушылары студенттер мен жеке компаниялар.

«Кәсібіміз Universtore.kz деп аталады. Оның ішінде өзінің бірнеше бағыты бар. Бұл тек стиль саласына бағытталған кәсіп. Киімдерді өндіреміз және үстіне жазуларды басамыз. Бір бағытымыз университет имиджді киімдерді тігу бағытында қызмет атқарады. Ал одан кейнгі бағытымыз «Дарабоз» деп аталады. Бұл бағыт әлемдік аренадағы көш бастап тұрған спорт түрлерінің киімдерін тігумен қатар, ертедегі көшпелілердің киімдерін тігу, сонымен қатар мотивация беретін сөздерді киімге өрнектеу арқылы үйлестіруші  бағытында қызмет атқарады. Қазіргі таңда Айдар Шәрібаев деген боксшымен бірлесе отырып өз ісімізді жалғастырудамыз.»

Осы тұста Дастан да орталық туралы, өндірілетін киімдер жайлы айтып өтуді жөн көрді. Оның пікірінше, ұлттық құндылықты заман талабына сай негіздеп алуға болады. Сонымен қатар адамда идея мен оны жүзеге асыратын құлшыныс болса, алынбайтын асу жоқ екенін алға тартады. 

"Мен үшін бұл орталықтың орны ерекше. Мұнда белгілі бір жұмыс уақыты жоқ. Біз әрдайым осы компанияның көтерілуі үшін, дамуы үшін күн демей, түн демей бар күшімізді салып жұмыс жасаймыз. Барымыз да нарымыз да болған аталмыш жоба - жастар әлеміне, Қазақстан нарығына еніп жатқан жаңа туынды. Сол себепті бұл ерекше құлшыныспен жасалып жатқан жұмыс. Қазақ қоғамына ұлттық құндылықтарымызды ұсынып жатырмыз. Сондықтан осы нәрсемен қоғамға пайдалымыз деп айта аламын. Өзге орталықтар сияқты жай ғана киімді ұсынбаймыз, жобамыз белігілі бір мақсатқа, құндылыққа негізделген. Мысалы, Universtore.kz жобамыз студенттерге мотивация береді деп айта аламын. Себебі әрбір студент өзінің жоғары оқу орнымен, студенттік шағымен мақтана білуі қажет. Сол студенттік шақтың символы ретінде, студенттік шағыңыздың көз-қарашығы ретінде әр жоғары оқу орнының киімдерін ұсынамыз. Екінші "Дарабоз" деп аталатын жобамыздың негізі спортқа бағытталған. Дегенмен мұндағы эмблемаға біз бірнеше философияны қосқанбыз. Біздің бұл жобамыз "Өз батырыңды таны" деген қанатты сөзбен жарыққа шығады. Батырдың басындағы дулыға қазақтың батырлық бейнесі ретінде сипатталады. Дулығаның мағынасы терең. Сол себепті дулығаны кигізу арқылы қазақилықты жеткізгіміз келді. Ал логатипке қарайтын болсаңыз, мұнда ою бейнеленген. Қазіргі таңда оюдың проблемасы ауқымды тақырыптың бір болды. Оюды ата-бабамыз бізге аманат ретінде қалдырды. Ал біз мұны жастарға сіңімді етіп, заман талабына сай негіздеп өзгертуге мұрагерлік құқымыз бар деп ойлаймын." 

Исмаил Құланның айтуынша, бұл кәсіпке деген қызығушылық пен идея Украинаға сапар шеккен уақытта пайда болған.  

«Осыдан 2 жыл бұрын IT саласындағы Microsoft ұйымдастырған жарыстан бірінші орын алдық. Содан соң осы сала бойынша Украинаға жарысқа баратын болдық. Сол күні мен украиндықтардың  “Вышиванка” атты киімдерін көрдім. Олардың киім үлгілері маған терең ой салды, бізге де неге мұндай нәрсе жасамасқа деп өз-өзіме іштей сұрақ қойдым. Негізі менде Q-brand деген жоба бар еді. Сөйтіп ойлап жүрген жобамның жүзеге асуына мүмкіндік туды. Ал, бұл жоба мен үшін жемісті әрі берекелі болды. Халық арасында кеңінен таралып, алғашқы партиямыз тез өтіп кетті. Одан кейін мен кәсіпке байланысты түрлі оқыту салаларында болдым. Қайрат Құдайбергеновпен бірге де жұмыс жасадық. Қазіргі кезде киімге материалдарды Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен арнайы тапсырыстар бойынша алып, цехтармен байланыс орнатудамыз. Өзбекстан тек стиль отаны болғандықтан, материалдарды көрші  мемлекеттерден де алып отырамыз.

Бұл кәсіптің ашылғанына әлі бір жыл болмады. Себебі біраз уақытқа тоқтатып, жұмысымды ары қарай жалғастырдым. 2017 жылы ашып қайта жаптым. 2018 жылы қазан айынан бастап  қайта жалғастырдым.»

Исмаил шағын кәсіп бойынша бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың атқаратын өзіндік міндеті бар.

«Біздің құрамда 5 адам жұмыс жасайды. Олардың әрқайсының жеке қызметтері, жеке міндеттері бар. 2 дизайнер, менеджеріміз және өндірісті бақылап отыратын,өндірістік бақылаушымыз бар.»

Орталықтың басқа орталықтан айырмашылығы бір емес бірнеше бағытта жұмыс жасауы және негізгі аудиториясы жастар екенін тіліне тиек етті.

«Біз өзіміздің жұмыс жасап жатқан аудиториямызды білеміз. Университтер ішіндегі студенттерді бөліп аламыз, Дарабоз арқылы спорт саласындағы орнымызды тауып,спортшылармен де жұмыс жасаймыз. Яғни, біз нақты бір аудиторияда нығаюдың тиімді жолын білеміз.Біздің тұтынушыларымыз 18 бен 24 жас аралығы. Дарабоз да дәл солай, дегенмен бұл тек жастарды ғана емес егде жастағы адамдарды да қамтиды.»

Әзірге өнімді Қазақстанның түкпір-түкпіріне тасымалдамайды. Алайда, қазіргі таңда Алматы қаласының 20 университетімен байланыс орнатып, жұмыс жасайды. Ал еліміздің барлық аймағымен жұмыс жасау болашақта жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ол осы кәсіпті қолға алуды жоспарлап жүргендерге өзінің ақыл-кеңесін айтып, пікірін білдірді. Ол негізі дұрыс қаланған кәсіп өз жемісін беретініне сеніммен қарайды.

«Ең бастысы аудиторияны дұрыс таңдай білу қажет. Сонда бәрі нәтижелі болады. Қазақстанда бизнес идеялар өте көп және бізде бәсекелестік бар, дегенмен олардың ғұмыры ұзаққа созылмайды. Яғни, ашылғаннан кейін бірден жабылып жатады. Себебі, олар жалпылама жұмыс жасайды. Белгілі бір аудиторияны таңдау өте тиімді. Кәсіптегі негізгі қарастыратын мәселе осы.»

Болашақтағы жоспары осы кәсіпті ары қарай дамытып, тек Қазақстанда ғана емес әлемдік нарықта көш бастайтын ірі компанияға айналдыру екен.

«Қазіргі таңда келесі жылдан бастап  қазақстанның барлық университтеттерімен жұмыс жасауды ойға алып отырмыз.Әлемдік аренада қалыптасу.»

Сұқбат соңында ол кәсіп бастаудың негізгі формуласын айтып, сөзін қорытындылады.

«Кәсіптің негізгі міндеті - тоқтамау,талаптану, өзіңе сену. Ең бірінші демеу беретін отбасы. Мақсат қой да әрекет ет. Әрекет түбі берекет. Құдай ниетке, құлшынысқа, еңбегіңе қарай береді. Сондықтан биік шыңды бағындырғанша ең бастысы тоқтамай, талпынысты тоқтатпау қажет»