Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан өңіріне қызығушылық танытушылар қатары артып келеді. eQonaq ақпараттық жүйесіне жыл басынан бері Түркістан облысына келген 17419 шетелдік қонақ тіркелген. Атап айтсақ, Өзбекстаннан 10 920, Ресейден 1425, Қытайдан 989, Түркиядан 751, Қырғызстаннан 438, Үндістаннан 368, Франциядан 300, Германиядан 217, АҚШ-тан 192, Италиядан 177 азамат келген.
Сонымен қатар eQonaq жүйесі қонақтар ең көп тоқтаған үздік 5 қонақ үйдің тізімін ұсынды. Бірінші орында – 2317 туристті қабылдаған «Karavansaray Turkistan» қонақ үйі, екінші орында – 1891 қонақты күткен «Hampton by Hilton» қонақ үйі, үздік үштікте 821 шетелдік орналасқан «Rixos Turkistan» қонақ үйі бар. Бұдан бөлек, «Grand Khanaka» қонақ үйіне 274 турист, «Silk Way Turkistan» қонақ үйіне 218 шетелдік қонақ тоқтаған.
eQonaq – туристік ағынды және көші-қонды бақылауды жинауға және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе. Аталған жүйе орналастыру орындарының бірыңғай реестрін құру, туристердің келу-кету әрекеттерін бақылау және есепке алу, турист ағымын және портретін сараптау, сондай-ақ туристердің тұрақтау кезіндегі тұрмыс сапасын жақсартуға арналған алуан қызметтерді ұсынады.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі туризм саласын дамыту бойынша жол картасы бекітілді. Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде.