Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Биыл Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл. Ауданның мерейтойы аясында бүгін «Ордабасы – Тәуелсіздік тұғыры» атты семинар-мәжіліс өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оңтүстіктен орын тепкен құйқалы қоныстың терең тарихы мен тағылымды жарқын жолын шолуға арналған іс-шараға аудан дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар, зиялы қауым өкілдері, түрлі салада жетістікке жеткен аудан тумалары, қоғамдық ұйым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шараны ауданның «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нуриддин Шәмшіұлы жүргізіп отырды.
Жиынды аудан әкімі Азат Оралбаев ашып, қойнауы тарихқа толы киелі мекеннің өткені мен бүгіні жайында баяндама жасады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосып, аудан абыройын республика деңгейінде танытқан мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Баршагүл Исабек және ауданның «Құрметті азаматтары» сөз сөйлеп, тарихи мекеннің ұрпақ жадында жаңғыртудың маңызына тоқталды.
Салтанатты шарада «Ордабасы – киелі мекен» атты ауданның қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі жетістігі баяндалған тарихи кітаптың тұсауы кесіліп, ауданның дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бірқатар азаматтар мерекелік төсбелгілермен марапатталды.