Bugin

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛУДЕ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркіствн облысының әкімдігі

Түркістан облысының тұрғындары көтерген мәселелер заң аясында шешімін тауып келеді. Өңір халқын жеке қабылдау бекітілген кестеге сәйкес тұрақты жүргізілуде, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов  кезекті рет азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. 

Қабылдауға келген тұрғындар сан түрлі мәселені ортаға салды. Басым бөлігі мемлекет тарапынан тұрғын үй алу мәселесін көтеріп, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстарын жеткізді. 

Түркістандық азаматша мемлекет тарапынан берілген пәтерді бірінші қабатқа ауыстырып беруді сұрады. Азаматшаға заң аясында ондай мүмкіндік қарастырылмағаны түсіндірілді. Кентау қаласынан келген кәсіпкер қайтарымсыз грант алу, отандық өнім шығаруға сертификат алу, әлеуметтік дүкен ашу, ат спортын дамытуға қолдау көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары іс бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрқашан қолдау болатынын жеткізіп, заң аясында ұсыныстары қаралатынын айтты. 

Сауран ауданынан келген азаматша жұмыстан негізсіз босағаны туралы шағымын айтты. Бұл мәселе бойынша Облыстық еңбек инспекциясы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілмек. 

Түркістандық көпбалалы ана жұбайына азаматтық алуға ықпал етуді сұрады. Өтініш иесіне азаматтық алу заңнамасы түсіндірілді. Тағы бір тұрғын баспана алуға көмек көрсетуді сұрады. Оған тұрғын үй тек заң аясында кезек реттілігімен берілетіні айтылып, кезекке тұру тәртібі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен пәтер жалдау ақысын субсидиялау туралы түсіндірілді. Одан бөлек, қабылдауда тұрғын үй ауласын ретке келтіру, жол белгілерін орнату, жылу және жарық мәселелері туралы мәселелер көтерілді.

Жалпы, Зұлпыхар Жолдасов жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе назарсыз қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелер заң аясында шешімін таппақ.