Bugin
Фото: Жетісай Жастар ресурстық орталығы
Жетісай аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен “Ұстаз - ұлық есім, ұлы тұлға” атты тақырыпта ауданның жас ұстаздары арасында пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Пікірсайыс турнирінің мақсаты - жастардың ораторлық қабілетін, сөз шеберлігін, белгілі бір фактілерді зерттеуге, өз көзқарасын жүйелі түрде дәлелдеуге және бағытын дұрыс ұсынуға үйрету, ұстаздардың білім саласын дамытуға қосатын үлестерін айқындау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
Аудандық пікірсайыс турниріне Жетісай аудандық білім бөлімінің әдіскері Бағдәулет Нұрасаров, аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің мамандары және аудандық “Жалын” дебат клубының мүшелері қатысты.
Сайысты “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің маманы Нұрсұлтан Беркін ашып, турнирге келген жас ұстаздарға сәттілік тіледі.
Жетісай қаласындағы “Тұран” мектеп-гимназиясында өткен турнирге аудандағы 44 мектептен барлығы 44 фракция, 90-ға жуық жас ұстаз қатысты. Олар іріктеу кезеңдеріне берілген тақырыптарды талқылап, турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алу үшін өзара мықтыны анықтады.
Іріктеу кезеңінен өтіп, финалдық кезеңге жолдама алған фракциялар өздерінің ұтымды ойларымен ерекше ойын өрнегін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Өздеріне берілген тақырыпты жан-жақты зерделеп, финалдық пікірталас майданында өз ойларын анық қорғап шықты.
Тартысты ойын нәтижесінде:
І орын – “Ғ.Мұратбаев” фракциясы, Ғ.Мұратбаев ЖББМ
ІІ орын – “Фемида” фракциясы, М.Горький мектеп-гимназиясы
ІІІ орын – “Бастау” фракциясы, “Жеңістің 50 жылдығы” ЖББМ ие болды.
Барша жеңімпаз командалар аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Адайбековтің атынан арнайы Дипломдармен марапатталып, бағалы сый-сияпаттарға ие болды. Сондай-ақ сайысқа белсене қатысып, ұтымды пікір білдірген қатысушылар “Үздік ойыншы”, “Үздік спикер”, “Үздік сөз шебері” номинацияларымен марапатталды. Ал пікірсайысшыларға әділ-қазылық жасаған барша төрешілер “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысының Алғыс хаттарымен марапатталып, құрметке бөленді.