Bugin
Фото: Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының аудан тұрғындарымен кезекті кездесу жиыны түс ауа Қоғам және Қарғалы ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қос ауыл округінде көтерілген мәселелердің іске асу барысы туралы айтып өтті.
Баяндамада атап өткендей ағымдағы жылы Қоғам ауыл округі, Талапты елді мекенінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. 2024 жылы Қоғам ауылындағы Б.Әшіров, Бескепе, Қ.Қайназаров және Ж.Жұмагелдиев көшелеріне «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальт төселсе, «Отырар төбе» қалашығына кіреберіс жолға (1,7 шақырым) орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ қазіргі таңда Мыңшұңқыр ауылында 4 қабатты, 32 пәтерлі тұрғын үй құрылысы, Талапты ауылындағы ұзындығы 1200 метр болатын Е.Құдайбергенов және Мыңшұңқыр ауылындағы "Пышақшы" көшелерінің құрылысы жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қоғам ауылындағы "Болашақ" көшесі, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі ұзындығы Ә.Сарбасұлы көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Биылғы жылы Қоғам ауылындағы балалар ойын алаңшасының, Мыңшұңқыр ауылындағы көп қабатты тұрғын үй жанынан балаларға арналған ойын алаңшасының құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Мұнан бөлек Қарғалы ауыл округі, Отырар елді мекенінде балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізілсе, ауылдық ауруханаға жөндеу жұмыстары атқарылған. Қарғалы елді мекеніндегі ішкі көшеге тас төселсе, жыл соңына дейін Қожахметов көшесін жарықтандыру жұмыстары атқарылады деп күтілуде.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ескірген электр желілері бағаналарын ауыстыру, абаттандыру, ойын алаңшаларын салу секілді мәселелер көтеріліп, жауапты сала мамандары тиістілігіне қарай жауап берді.
Жиыннан соң аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, қабылдауда айтылған тұрғындардың өтінішіне сәйкес сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатынын жеткізді.