Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗДЕСУІ ТҮС АУА КӨКСАРАЙ, АҚҚҰМ АУЫЛДАРЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының кездесуі түс ауа Көксарай, Аққұм ауылдарында жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы алдымен бұған дейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің орындалуы туралы баяндап берді. Мұнан соң алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар туралы айтып, іске асатын жұмыстардың дені бұған дейінгі кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер екенін жеткізді.

Ағымдағы жылы Көксарай ауыл округі бойынша 6,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тас төселген. Ауыл округінде демеушілер есебінен салынған «Толағай» күрес залы пайдалануға берілсе, ардагерлер саябағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ызакөл елді мекенінен балалар ойын алаңшасының құрылысы басталып, Шеңгелді елді мекеніндегі К.Арынов көшесіне аяқжол салу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Әбдірахман Мәуленқұл, Хайрулла Аймырзаевтар Шәуілдір-Көксарай бағытындағы КХ-10 тасжолын жөндеу, электр жарығының бағаналарын жаңарту, трансформатор орнату, ауылдық аурухананы жөндеуден өткізу, «Есіркеп» каналын механикалық тазартудан өткізу секілді мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды.

Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Көксарай ауылымен іргелес жатқан Аққұм ауыл округінде де біршама жұмыстар атқарылған.

Мәселен, ұзындығы 1300 метр болатын «Сай ауыл» көшесі мен Л.Оспанов, Амангелді көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 2160 метр болатын Ш.Асанов көшесін асфальттау, жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ауыл округінде тұрғындардың өтінішіне сәйкес дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.

Кездесуде ауыл тұрғындары Қаржау Бекайрдаров, Полатхан Әлібаев, Дүйсен Ашықбайлар жедел жәрдем көлігін жаңарту, ескірген электр желілері бағаналарын ауыстырып, трансформатор орнату, абаттандыру жұмыстары жүргізу секілді мәселелерді айтып, тиісті жұмыстардың атқарылуын сұрады.

Айтылған мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан аудан басшысы жұмыстардың орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.

Жиын соңында ауыл қариясы Төреқасым Бөрібаев ауданда атқарылған жұмыстарға халықтың көңілі толатынын айтып, ақ батасын берді.