Bugin
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
25 қазан – Республика күніне орай «Түркістанға тарту» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Сарыағаш және Жетісай аудандық Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен жастар арасында облыстық спартакиада өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Нұржан Делишов қатысты.
Жастардың спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған облыстық спартакиадаға аудан, қалалық жастар орталықтарының мамандары қатысып, өзара бақ сынады. Жастардың физикалық белсенділігі мен командалық рухы сыналған бәсекеге қатысушылар спорттың 6 түрінен, атап айтқанда, арқан тартыс, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, үстел теннисі, белтемірге тартылу және волейболдан өзара сынға түсті.
Командалық есеп бойынша оқ бойы озып шыққан Төлеби ауданы I орынды иеленсе, Қазығұрт ауданы II орынды қанжығалады. Ал, Сауран ауданына III орын бұйырды. Жеңіске жеткен командалар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.