Bugin

"Өлшеусіз еңбек": Сауран өңірінің ұстаздары марапатталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігі

Бүгін, 5 қазан – Ұстаздар күніне орай,  Республиканың әр өңірінде ұстаздар қауымына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Түркістан обылсы Сауран ауданында ұрпақ тәрбиелеуде үлкен үлес қосқан жандарға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Сауран өңіріндегі А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұстазыма мың алғыс!» атты салтанатты мерекелік іс-шара болып өтті.

Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, аудандық мәслихат депутаты Серікбай Оразбеков, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова, ардагер ұстаздар мен мектеп директорлары мен орынбасарлары, мұғалімдер қатысты. Мерекелік салтанатты шараның ашылу рәсімінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.

«Білім көшін алға жылжытып келе жатқан сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу парыз, олардың жағдайын жасап, мәртебесін көтеру - біздің міндетіміз. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласына, оның ішінде мұғалімдердің хал-ахуалына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Бұл әрбір педагогке зор жауапкершілік жүктейді. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын!», - деп игі тілегін білдірді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

Шарада Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маман Тұрғанкүл Ширманбаева, Түркістан облысы білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының» директордың міндетін атқарушы Күлаш Нұржанова, аудандық мәслихат депутаты Серікбай Оразбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ардагер ұстаз Жұмағали Бекмұрзаев, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиында бір топ ұстаздар қауымы Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының алғыс хатымен және облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің кәсіподаққа еңбегі сіңген төсбелгісімен марапатталды. Мерекелік жиын аудандық білім бөлімінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.