Bugin
Фото: Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігі
Түркістан облысы Сауран ауданында әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарт кісілердің жағдайы жіті бақылауда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаров әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барып, қарттардың жағдайын сұрап білді. Аудан орталығында орналасқан бұл орталық былтыр пайдалануға берілген болатын. Орталықтың жалпы алаңы 750 шаршы метрді құрайды. Айына 100 адамды қабылдауға қауқарлы, күнделікті 25 адамға қызмет көрсетеді, курс ұзақты 2 айды құрайды. Мекемеде 20 адам тұрақты жұмыс жасайды, оның ішінде «Белсенді ұзақ өмір» бөлімінде - 8, «Тең қоғам» бөлімінде - 8, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бөлімінде - 4 адам қызмет атқарады.
Аудан әкімі белсенді ұзақ өмір бөлімінде болып, қарт кісілердің сауықтыру орындарының қызметтерін бақылады. Онда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасалған. Қарт адамдарға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсынып, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту бағытында қызмет көрсетіп келеді. Зейнет жасындағы қарттармен еркін форматта сұқбаттасқан аудан әкімі қазыналы қарияларымызбен пікір алмасты. Олар ауданымыздағы оң өзгерістерге оның ішінде атқарылып жатқан жұмыстарға қуанып, өз алғыстарын білдірді.
Бүгінде ауданда ардагерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларына қолайлы жағдайлар жасалынып келеді.