Bugin

Түркістан: Түлкібас ауданында қыс мезігілінде автожолдардың қауіпсіздігі пысықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысы Түлкібас ауданында қар ете түсіп, боранды күндер көп болады. Таулы аймақта автокөлік жолдарының қауіпсіздік мәселесі өзекті. Аудан әкімі қыс мезгілінде автожолдардың тазалығы мен күтіп ұстау мәселесіне қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Түлкібас ауданы әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қыс мезгілінде аудан аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық және ауылішілік жолдарды дер кезінде қардан тазалап, көктайғақты алдын алу шаралары пысықталды.

Аудан аумағында 929 шақырым автомобиль жолдары болса, соның ішінде 59 шақырымы республикалық, 229 шақырымы облыстық, 96 шақырымы аудандық, қалғаны ауылішілік жолдар.

“Өткен жылы жол азабын мыңдаған жолаушы мен автокөлік жүргізушілері тартқаны белгілі. Бұның бәрі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелердің дер кезіне өз міндеттерін атқармауы салдарынан болған мәселе. Осы ретте, барлық жауапты мекемелерге өткен жылғы қателіктердің қайталануына жол бермей, осы бастан егжей-тегжейлі дайындық шараларын пысықтау керек” - деді, аудан әкімі әр жолға жауапты мекеме өкілдерін жеке-жеке тұрғызып.

Сонымен қатар, аудан басшысы облыстық маңызы бар жолдардың тазалығына жауапты «Оңтүстік жолдары» мекемесінің өкіліне техникалық базаны жетілдіру бойынша біршама ұсыныстар жасап, аудан орталығындағы базадан бөлек Машат, Келтемашат, Састөбе кентінің аймағына техника тұрағы мен инертті материалдар қоймасын даярлау қажеттігін ескертті. Бұл өз кезегінде боран кезінде аталған округтердегі жолдарға техниканың тез жетуіне үлкен септігін тигізеді деді.

Бұдан бөлек лездемелік жиынның күн тәртібінде каналдармен арық-атыздардың және электр желілерінің бүгінгі жағдайы талқыланды.

«Казсушар» мекемесінің аудандағы өкілі Қ.Өміралиев қазіргі таңда күзгі жауын-шашынға дайындық мақсатында барлық су нысандарының сағаларын бекіту жұмыстары атқарылып жатқаның жеткізсе, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің аудандық филиалының басшысы А.Досов биыл аудан аумағында атқарылған жұмыстарды және алдағы жоспарын баяндады.

Айта кетерлік, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің аудандық филиалының инвест жобасы негізінде биылғы жылы аудан аумағындағы 5 елді мекенде(Көкбұлақ, Абай, Жанұзақ, Тұрар, Т.Рысқұлов) 620 бағана қарағайдан темір бетонды бағанаға ауысып, 25 шақырымнан астам желі жаңартылған. Бұдан бөлек, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде тозығы жеткен 100-ге жуық бағаналар ауыстырылған.

Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасын табады. Яғни, инвест жоба аясында Арыс, Жабағылы, Машат, Балықты ауылдық округтері мен Бақыбек елді мекеніндегі 600 астам қарағай бағаналар темір бетонды бағанаға ауысып, 24 шақырымдай электр желісі жаңартылады.