Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімдігі тұрғындардың шағымдарына, өтініш-тілегіне жекелей назар аударды деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Төлеби ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Қансейітовпен бірге бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан басшысына өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауға келгендердің дені инфақұрылым мәселесін алға тартып, ауыз су, жер, жол, электр бағаналарын ауыстыруды сұранды. Ленгір қаласының тұрғыны Г.Махамбетова жанұясымен пәтер жалдап тұратынын, «Отбасы банк» арқылы пәтердің жалдау құнына субсидия алып келгенін, кейіннен тұрмыстық жағдайда байланысты пәтер ауыстырғаннан кейін мемлекеттен бөлінетін көмекке қол жеткізе алмай қалғанын айтып көмек сұрады.
3 мөлтек аудан тұрғыны М.Баянов үй маңындағы су құдығынан аққан су көшеге жайылып кеткенін айтып, түнгі жарық шамдарын орнатып беруді, «Мәуліт» мешітінің алдына автотұрақ салуды сұранды. Зағамбар елді мекенінен келген З.Османов бастаған бір топ тұрғындар тұрғын үйлеріне табиғи газ кіргізгенін, үй құжаттарының болмауына байланысты газ қоса алмай отырғандарына шағымданды. Қайнар елді мекені, Нұрлысай көшесінің тұрғыны Д.Амиров көшеге электр бағаналарын орнатуды өтінді.
Жаңаұйым елді мекенінің тұрғыны Б.Шатабаев Қырықбаев және Тастөбе көшелеріне асфальт төсеу, ФАП құрылысын жүргізу, Тастөбе көшесіндегі ішкі арықтарға лоток қою, Бекбауов көшесіне түнгі жарық шамдары мен асфальт төсеуді сұрады. Сондай-ақ, Бұлақты көшесіндегі жарылған су құбырын ретке келтіруді өтінді. Көксәйек елді мекенінің тұрғыны Н.Рудиев ішкі көшені кеңейту мәселесіне қатысты сала мамандарынан кеңес алды.
Қабылдау барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы көтерілген мәселелер белгіленген уақытта қолданыстағы Заңдарға сәйкес шешілетіндігін айтты.Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш, ұсыныстарды қарастырып, шешу үшін жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Айта кетерлігі, аудандағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде және нақты шешуге, ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға және оның бірыңғай тәсілін қалыптастыруда нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Сержан Дауылбайұлы азаматтардың арыз-шағымдары мен айтылған мәселелерінің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.