Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Бүгінде Түркістан облысы Созақ ауданы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Осы уақытқа дейін Созақ ауданының ауылдық округтер мен кенттерінде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындары бірнеше балалар ойын алаңдары мен әлеуметтік нысандар салып, көше жарықшамдарын орнатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің Жартытөбе ауылдық округінде жалғасуда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Осы ретте, Жартытөбе ауылдық округіне жұмыс сапарымен барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков демеушілер арқылы атқарылған жұмыстарды бақылауына алды. Сапар аясында Бабата ауылына барып, «Орталық» ӨК» ЖШС-нің демеушілігімен жүргізілген бір шақырымдық ішкі көшеге орнатылған жарықшамдарды көрді. Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілектері негізінде жеке инвестор арқылы салынып жатқан 50 орындық балабақшаның жай-күйімен танысты.
350 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақшаны жеке кәсіпкер Нұрман Назаров салуда. Ғимарат заман талабына сай жабдықталып, бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинетпен қамтылатын болады. Балабақшада 10-нан астам адам жұмыспен қамтылады. Жаңа нысанның құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады.
Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізулеріне мүмкіндік беретін жобаларды да назардан тыс қалдырмады. «Орталық» ӨК» ЖШС-нің демеушілігімен ауылдық спорт клубына гандбол, бокс және күрес сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға арналып алынған спорт жабдықтарын көріп, онда спортпен шұғылданып жатқан балдармен ашық әңгімелесті. Жаттықтырушылар қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын жеткізді.