Bugin

Түркістан: Қазығұрт ауданын дамыту бойынша тапсырма берілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмаилов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады. Ауданды дамыту үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басым бағыт берілмек. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.

Қазығұрт ауданында өнеркәсіпті арттырып, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды. Жұмыстарды ширату керек. Біраз жобалардың жүзеге асу мерзімі созылып кетті. Табиғаты қолайлы аймақта қарқынды бауды дамытып, жүзім шаруашылығын қолға алу керек. Тұтас бір ауылды гүл егетін етіп дамытуға болады. Емдік туризм үшін қолайлы аймақ. Нақты нәтиже керек. Әр аудан өзін өзі қамтамасыз ететін деңгейге жету үшін әкім күнделікті ізденіп, тынбай еңбектену керек. Халықтың жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға күш салу қажет. Шағын және орта бизнеске серпіліс қажет. Бюджет қаржысын игерумен шектелмей, шетелден ірі инвесторлар тарту керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025-2030 жылдар аралығында құны 55,1 млрд. теңге болатын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, тамақтану және сауда салаларында жүзеге асырылатын болады.

Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін, 35 гектар жер аумағына «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге жағдай жасалуда. Алдағы жылдары 26,4 млрд. теңгеге 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында құбыр, гидротурбина, керамикалық өнім, бұрғылау қондырғыларын жасап шығаратын, мал қалдықтарын өңдеу секілді жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы саласында сүт фермалары, мал сою цехы және мал бордақылау алаңдары, балық шаруашылығы, жылыжай жобаларын жүзеге асыру, өнім сақтау қоймасын салу көзделген. Ауданның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру үшін Тұрбат ауылында 60 гектар жер аумағына «Тұрбат агроиндустриалды аймағы құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 млрд. теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамту жоспарланып отыр.