Bugin

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 6 ЖЫЛДА 139 ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОСПАРЛАНДЫ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының аудан, қалаларын дамыту стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Сарыағаш ауданын дамыту жоспары талқыланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сарыағаштың әлеуеті толық қолданылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жүйелеуді тапсырды. Басым бағыттар – өндіріс орындарын көбейту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданып, өнімділікті арттыру.

– Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Ізденбейтін, өзгеруді қаламайтын адамның, басшының жетістікке жетуі қиын. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Бір зауыт тоқтап қалса, көрсеткіш түсіп кетпеуі үшін өндіріс орындарын көбейтіңіздер. Ауданның туристік, өндірістік, логистикалық, транзиттің мүмкіндігі жоғары. Ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, ауданды дамыту жоспары жан-жақты сараланып, барлық сала зерделенген. 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес ауданда 139 жобаның тізімі жасалған. Құны 144,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 4663 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 51, туризм саласында 25, ауыл шаруашылығында 31, құрылыста 17, қызмет көрсету саласында 15 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 747,9 млрд. теңгені құрап, 2,5 есеге артады деп күтіліп отыр. Алдағы 6 жылда 527,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі 2030 жылы 3,8 есе артады деп көзделген.

«Сарыағаш» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, кілем, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіру жобалары жүзеге асады деп жоспарлануда.