Bugin
Фото: Мақтаарал ауданы әкімдігі
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мақтаарал ауданына жұмыс сапарын индустриалды аймақта орналасқан «ZHANASSYL» ЖШС-нің мақта зауытының жұмысымен танысудан бастады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Зауыттың жылына 65 мың тонна мақта өңдеуге мүмкіндігі бар. Автоматты басқару жүйесінде жұмыс атқарады. Серіктестік директоры Абылай Тыныбаев 11 мақта қабылдау бекетінде мақта жинақталып, 3 бекетте қырманнан өнім қабылданып жатқанын жеткізді. Биыл 50 мың тонна мақта өңдеуге ниетті. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорында өңдеу барысында мақта сапасының сақталуына ерекше көңіл бөлінген.
«Мырзакент» ЖШС мақта өңдеу зауыты да қазіргі таңда жұмыс қарқынын арттырған. Аудандардағы мақта қабылдау бекеттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. Өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайтын кәсіпорынның бас директоры Берік Қыдыралиев облыс әкімінің орынбасарына мақта өндірісін дамыту, жоғарғы сұрыпты тұқым өндіру және мақта өңдеу барысындағы сақталуы тиіс талаптар бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді.
Биыл Мақтаарал ауданда 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Қазіргі таңда мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізілген. Қазірдің өзінде аудан бойынша 18 мың гектар алқаптан мақта теріліп, 48 мың тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылынан алынатын болжамдық өнім көлемі 92,3 мың тоннаны құрап, жалпы орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден түседі деп болжануда.
Мақтаны өңдеумен ауданда 9 зауыт айналысады. Оларға тиесілі 34 мақта қабылдау бекеті бар. Сондай-ақ Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары тамшылатып суару технологиясын меңгеру арқылы өнімділікті арттырған «Хамро ата» өндірістік кооперативінің алқабына да барды. Жобаның ерекшелігі қарапайым әдіспен егілген мақта алқаптарымен салыстырғанда су көлемін 50 пайызға үнемдеп, өнімділікті гектарына 60-70 центнерге жеткізуге мүмкіндік береді. Шаруалармен пікірлесу барысында Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті қолдаулардың жүзеге асатынын айтып, жерді мақсатты игеру, диқандар арасында ауыл шаруашылығының жаңалықтарын, әсіресе су үнемдеу әдістерін кеңінен тарату мәселелеріне тоқталды.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жер құнарлығы мен ауа-райының ерекшеліктерін назарға ала отырып, мақтаның жаңа тұқымдарын шығарумен айналысып келеді. Станция тарапынан бүгінге дейін мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары 15 түрлі сұрып шығарылған. Серіктестік төрағасы Нұрман Дәуренбек орталықтың өзекті мәселелерін ортаға салды. Техникалық жабдықтарды жаңартуға жағдай жасалса, зерттеу жұмыстарының шаруаларға көп көмегі тиетінін алға тартты. Топырақты терең қопсыту технологиясы, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы, мақтаны жаңбырлатып суару технологиясы, арықшалармен суару технологиясы және мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру технологияларын әзірлеген ғылыми мекеме облыс әкімінің орынбасарына кезекті жаңалықтарын ұсынып, күтілетін нәтижелерімен таныстырды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары жұмысын 2020 жылы бастаған күріш өңдеу зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Күніне 20 тонна күріш өңдеуге қуатты кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Мақтааралда биыл 1327 гектарға күріш егілген. Алынған өнім бүгінгі күнге дейін 3244 тоннаны құрап отыр.