Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бүгін жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, бірқатар жылыжай иелерімен кездесті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаруалар қатты отын бағасын тұрақтандыру, көкөніс пен жеміс-жидек импортын реттеу бойынша өтініштерін жеткізіп, электр қуатының қыс мезгілінде үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұрады. Қазіргі таңда ауданда көмір тапшылығы жоқ.

Көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан Нұрбол Тұрашбеков облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы мен аудан әкімдігінің жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Түркістан облысында жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызын құрайды. Биылғы 9 айда өңіріміздегі жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс жиналып, маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігін 42 пайызға қамтамасыз етті. Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бойынша бүгінгі таңда 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жаңадан 6 150 жұмыс орындары құрылып, жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде республика халқын маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады.