Bugin
Фото: Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-нің 45 жылдығы аясында Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Отырар ғасырлар тоғысында» тақырыбында көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараның шымылдығы Мұрат Әлібидің орындауында Ш.Қалдаяқовтың «Сен сұлу» әнімен ашылып, алғашқы сөзді жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиұлы мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ.Р.Мырзабек сөйлеп, қонақтарға ыстық ықыласын білдірді. Өз кезегінде «Отырар» музей-қорығының бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Бекешев Республикалық көрмеде барлық музей қызметкерлеріне алғысын білдіріп, көрмені тамашалуға шақырды.
«Отырар ғасырлар тоғысында» көрмесі көрермендерге ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда және мәдени орталық болған Отырар өлкесінің бай тарихы мен мәдениеті туралы көбірек білуге бірегей мүмкіндік береді. Көрмеде Отырар алқабындағы халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен наным-сенімімен сыр шертетін археологиялық жәдігерлер қойылған.
Келушілер тек экспонаттармен ғана емес, өңірдің тарихын және әлемдік мәдениетте алатын айрықша орнын, маңызын тереңірек түсінуге көмектесетін біршама құжаттармен, фотоматериалдармен және тарихи-мәдени мұралармен, сәулет, білім, өнер саласындағы жетістіктерімен, жалпы айтқанда ортағасырлық қаланың тарихымен танысты.