Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Аудан тұрғындары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың қолдауымен қала, кент, барлық ауылдық округтерде заманауи спорт алаңшалары мен спорт кешендері салынып, ел игілігіне тапсырылуда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Сондай нысандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді елді мекенінде 2021 жылдың тамыз айында құрылысы басталған заманауи стадион.

Аудан басшысы «Kazakh The-Stroy» ЖШС жүргізген құрылыс жұмыстарының сапасын көріп, стадионның жұмысымен танысты. Аталмыш стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну, жаттығу бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.

Әйтсе де, әлі де тапсырыс беруші тарапынан қабылданып үлгермеген нысанның көгалдандыру, суландыру, қоршау жұмыстарының кейбір бөліктерінде орын алған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына ескерту жасалып, қысқа мерзім ішінде олқылықтарды жоюды тапсырылды.

Сондай-ақ, аудан басшысы Ж.Ералиев ауылдық округінің Көктөбе елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Ағымдағы жылдың 17-шілдесінде құрылыс жұмыстарын бастаған «Намыс» ЖШС өкілдері 30-желтоқсанда толығымен аяқтап, ел игілігіне тапсыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде конкурстық құны 197 757 669 теңгені құрайтын нысанның негізгі жұмыстары аяқталған. 314,42 шаршы метр аумақтың 0,200 га бой көтерген ғимаратта ауыл тұрғындарына қажетті алғашқы медициналық көмектің барлық түрі көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, Серік Үсенұлы елді мекендердегі білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындықтарын, жылыту қазандықтарын қатты отыннан (көмірден) табиғи газға ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді. Зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына ескерту беріп, нәтижесін өз бақылауында ұстайтынын айтты.