Bugin

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАН БАСШЫСЫ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮДЫ ТАПСЫРДЫ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Бүгін Түркістан облысы, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен қала, кент, ауылдық округтердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының, жыл басынан бері ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелердің жай-күйіне талдау жасалып, арнайы мәжіліс өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Аудан әкімінің орынбасары мен аудан әкімдігі аппаратының басшысы, қала, кент, ауылдық окуг әкімдері мен коммуналдық сала басшылары қатысқан жиында ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әлішер Есенбеков күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша баяндама жасап, анықталған кемшіліктерге тоқталды.

Айта кетейік, өткен жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд 983,5 млн теңге бағытталып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге, жергілікті бюджет және субвенция есебінен 624,2 млн теңгеге жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу, 55,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы (тас төсеу) жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылдың соңына дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 933 млн теңгеге Ә.Оспанов, Құрбан ата, Сырабат елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 27,9 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, жергілікті бюджет және субвенция есебінен 434,3 млн теңгеге жалпы ұзындығы 11,08 шақырымды құрайтын 10 көшеге, республикалық бюджеттен бөлінген 300 млн теңгеге жалпы ұзындығы 12 шақырым көшеге орташа жөндеу, 66,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 3,92 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы (тас төсеу) жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, 2023 жылы аудан тұрғындарының жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға, ауданның негізгі автомобиль жолдарының бойына демеушілер есебінен 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, кипорис, терек, шынар, қарағаш, багрянник, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылса, келесі жылы тағы 25 мың түп түрлі көшеттерді отырғызу жоспарланып отыр.

Мәжіліс соңында аудан басшысы көшелердегі, әсіресе, арық-атыздар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің маңындағы санитарлық тазалық жұмыстарына, бей-берекет ілінген жарнамалық хабарламаларға бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктер бойынша құзырлы органдармен бірге талдау жүргізуді, тәртіпке бағынбайтындарға заң аясында айыппұл салып, шара көруді тапсырды. Хаттамалық тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімі белгіленді.