Bugin

“Баламды өлтіріп, ән тыңдап отыр”: достарының қолынан қаза тапқан жігіттің анасы әділдік іздейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ашық дереккөзден

21 тамыз күні 13 жастағы Мерлан Сананы бір топ жігіт Жайық өзеніне ағызып жіберген. Марқұмның туыстары “Көреміз” бағдарламасынан көмек сұрайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Туыстары Мерланды 3 күн бойы іздеген. Сүңгуірлер мәйітті 11 метр тереңдіктен тапқан. Мерланның анасы жалғыз ұлының өліміне достарын кінәлап отыр. 

“Баламды іздеп көшеге шықтым. Сыныптасы алдымнан шығып, “Мерлан қайтып келмейді” деп айтты. Үйден ертіп кеткен досының үйіне қалай барып қалғанымды білмеймін. Барсам, ән тыңдап отыр екен. Олар баламды суға итеріп жіберген. Кейін ол судан шықпағасын топпен сотталамыз, ешкім ештең айтпасын деп келіскен. Балам қайтқалы Жайықтан шықпаймын. Осы жерге күнде келіп отырамын. Балам тіріліп шыға келетін сияқты”, - дейді марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева. 

Мерланның анасы мен әпкесінің айтуынша, ол қазасына дейін бірнеше рет үйге соққыға жығылып келген. Ал сыныптастары да Мерланның мектепте көбірек соққыға жығылатынын айтты. Ал мектеп басшылығы  Мерланның өзін кінәлі етіп шығарды. 

“Ол ұсақ құқық бұзушылықтар жасай берді. Қазір ол қаза болып кеткен соң, бірдеңе айту қиын. Балаларды ұратынды шығарды. Анасының өзі «мен бағындыра алмаймын бұл баланы» деп айтқан. Кейін Мерланды басқа сыныпқа ауыстырдық. 1 жыл бойы осы жағдаймен жүрдік”, - деді мектеп директоры. 

Мерланмен бірге Жайыққа барған 8 баланың бірі сұхбат берді.

“Мерлан “суға түсемін, Жанұзақ құтқарып алады ғой” деді. Мен ктіпімді шешіп, суға түсіп кеттім. Кейін аяқ-қолым талғасын жағаға қарай кетіп жатыр едім. Қарасам, Мерланды Жанұзақ итеріп жіберді. Мерлан “құтқарыңдар” деп айқайлады. Жанұзақ құтқармақшы болып, шашынан тарып көтеруге тырысты. Бірақ Мерлан ағыспен кетіп қалды. Кейін таппай қалдық”, - дейді куәгер. 

Ал Жанұзақтың әкесі “Мерланның өзі кінәлі” деп отыр. Оның айтуынша, барлығы оның ұлына жалған жала жауып жатыр екен.  

Атырау Қаласының прокуроры Руслан Айтымов бұл істі өз бақылауына алатынын айтып, уәде берді.