Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан қаласы жолдарының ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Оның ішінде 125,61 шақырымы орталықтағы бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар. Биыл жыл басынан бері асфальтты жолдар көлемі 41,7 шақырымға артқан, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқа дайындық жұмыстары бойынша орталықтарды аралап, техникалардың қолжетімділігімен танысты.
Қазіргі таңда, коммуналдық жұмыстарға жауапты «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС және «Түркістан Су» МКК мен «SK Geokard» ЖШС мекемелері тарапынан 12 КДМ, 18 трактор әзірленген. Сондай-ақ қосыша инфрақұрылым, құрылыс, жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ, «Жол қызметі» тарапынан 10 жүк тиегіш, 22 камаз техникалары дайын.
Кәсіпорындар тарапынан маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 52 арнайы техника, 420 жұмысшы жұмылдырылмақ. Автомобиль жолдарын дер кезінде қардан тазалап, көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 310 тонна құм және 190 тонна тұз әзірленді.
Магистральды көшелерді қардан тазалау ІІІ бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ қосымша 31 көше мен 5 саябақ, ӘІО аумағы, Рухани-мәдени орталық аумағы, Б.Саттарханов бойындағы желілік саябақтар реттілігімен тазаланады.